рус қаз latin en
BNews lite
ТОЛЫҚ ВЕРСИЯ
Жаңалықтар таспасы
Айдарлар
Ассамблея ұлттар бірлігін бекіте түседі

27.02.2013 14:55


130-дан астам ұлт өкілдерінің туған жері – топырағы, қасиетті қарашаңырағына айналып отырған бүгінгі Қазақ елінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қалыпты қызмет көрсетіп келеді. Ассамблея туралы Заң 2008 жылы қабылданғанымен, ол 1995 жылдың 1 наурызында ел Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде өз жұмысына кіріскен болатын. Десек те, бұл бастама 1992 жылы, Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан халқының алғашқы форумында Ассамблея құру идеясын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынғандығын ескере кеткен жөн.

Ел ішінде Ассамблеяның қалыпты жұмыс істеуі нәтижесінде ұлттар өзара айрандай ұйысқан, тату-тәтті мамыражай тіршілік етіп келе жатқанына қалың бұқара куә. Бүгінде республикадағы этностардың мәдениеттері, тілдері дәстүрлерінің дамуына қажетті жағдайлар жасалғандығын ешкім де жоққа шығармас. Ал уақыт озған сайын этномәдени бірлестіктердің саны тұрақты өсіп, қазір олардың саны 800-ден асады. Оның ішіндегі 28-і республикалық дәрежеге ие. Статистикаға көз жүгірсек, осы күндері 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарлама мен 7 тілде телебағдарлама тарайды. Ал білім беру саласында өзбек, тәжік, ұйғыр, және украин тілдерінде жүргізілетін 88 мектеп бар. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізілуде. Сондай-ақ, балалардан басқа үлкендер де 30 этнос тілдерін оқуға мүмкіндік алған 195 этно-білім беру кешендері, жексенбілік және лингвистикалық мектептер ашылған. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда, елімізде тағы төрт ұлттық – өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істеп келеді. Жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше ондаған кітаптар жарық көруде. Жалпы халықтық мерекелер ретінде Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой секілді жиын, шаралар дәстүрге айналған десек те болады. Мұның бәрі де ұзақ мерзімді басым мақсаттарды көздеген Елбасы саясатының нәтижесі және Қазақстан халқының ынтымақ, татулығының жарқын көрінісі деуге әбден болады.
«Сырт көз – сыншы» дейді қазақ. Елдегі Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан мемлекет ретінде де Қазақстанның халықаралық беделінің өсуіне зор ықпал етуде. Оған Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отырғандығы дәлел. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің елімізге жасаған сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді деп атап өткен болатын. Ал ұлттарды ұйыстырудың қазақстандық мұндай жарқын үлгінің БҰҰ-да, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда кеңінен таныстырылып, оң бағаға ие болғанымен қоймай, оның ЕҚЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекеттің тіліне аударылуының өзі зор мақтаныш, асқақ абырой емес пе?!. Сонымен қатар, қазақстандық үлгі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі Жоғары комиссары арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының біріне айналды. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің мұндай үлгісіне қызығушылық танытушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны күн санап артып келе жатқаны да жасырын емес. Бұл шет елдіктердің Қазақстандағы ұлттар татулығына тамсана отырып, айтқан пікірі мен білдірген көзқарастары. Ал енді ел ішіндегі Ассамблеяның мақсат-мүддесі жайында аз-кем айтып өтсек, артық болмас. Жалпы, Ассамблеяның басты мндеттерінің бірі – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады. Ал Президент бекіткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң елдің мемлекеттік ұлттық саясатын іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік және қоғамдық азаматтық институттардың этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды. Сондай-ақ, этносаралық қатынастарды нақтылай отырып, Ассамблея мен оның құрылымдарының мәртебесін тиісті заңдық дәрежеде бекітеді. Сонымен қатар, олардың жұмысының елдің саяси бағытымен үндестірумен қатар, оның жаңа жүйесін қалыптастырады. Яғни, мұндағы басты атап өтетін көрсеткіш – ол Қазақстан Республикасы Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және оны іске асыруға ықпал ететін мекеме ретінде танылады. Ал құрылымдық тұрғыдан мекеме ҚР Президентіне тікелей бағынады. Ол қызметтік бағыттарын айқындаумен қатар, Ассамблея басшылығының лауазымды адамдарын тағайындайды. Бүгінгі таңда Ассамблея құрамында төрт жүзге жуық мүше бар. Олар Ассамблея қызметін ғылыми сүйемелдеу үшін Ғылыми-сарапшылық кеңес құрып, қызмет атқаруда. Ал оның құрамына ҚР Парламент депутаттары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ, ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар кіреді.
Демократияға ден қойған зайырлы мемлекет ретінде елордамыз Астана қаласында халықтар бірлігі мен татулығын нығайтуға арналған түрлі жиындар жиі ұйымдастырылып тұрады. Сондай ауқымды басқосуларға әркез Елбасымыздың өзі белсенді қатысып, ой-пікірін ортаға салып жататын кезі аз емес. Оған тіпті, халықаралық дәрежедегі лауазымды тұлғалар да шақырылып, ұлттар арасындағы бейбітшілікті бекіте түсудің мәселелері жан-жақты қарастырылатын кездер аз емес. Мұндай алқалы басқосуда елдегі мәдени орталықтар мен түрлі ұлт өкілдеріне мінбер ұсынылып, сөздері тыңдалады. Олар күмеуін табуы тиіс проблемаларды шешудің жолын ұсынумен қатар, өз ришылықтарын да білдіріп жатады. Сондай жиндардың бірі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастрылған болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сссиясына Н.Назарбаев қатысып, Ассамблеяның атқарған шаруасын қорытындылап, алдағы жоспарларын нақтылаған болатын. Сонда «Қазақстан – келісім мен бірліктің интегралды ұясы» деген. Тіпті, осы тақырып аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ұлттар арасындағы татулық, бірлік пен жайлы қарым-қатынастың үлгісі қандай болу керектігін еурпалықтарға көрсету қажеттігі жайында да тапсырмалар берген. Сол жиында «бұл «Еуропаға жол» бағдарламасы аясында жүзеге асуы тиіс», – деп те нақтылаған болатын Мемлекет басшысы.
Ал енді жоғарыда атап өткеніміздей, Ассамблеяның парламенттік өкілдігіне қатысты әңгімеге қайта оралсақ. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі, этностық топ өкілдері мүдделерін жоғары заң шығару органында – ел Парламентінде білдіру болып табылатындығын атап өткен болатынбыз. Осыған орай, Ата заңымыз – Конституцияға 2007 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан сайланатын болды. Олар яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжілісінің 9 депутаты, елдегі барлық этностардың мүддесін білдіреді деген сөз. Ассамблеядан сайланған депутаттар заң шығару процесіне белсенді қатысып, заң шығарушылық бастамашылық құқығын пайдалану мүмкіндігіне иелік етеді. Ал этносаралық қатынастарға қатысты қабылданатын барлық заң жобалары депутаттардың тиісті сараптауынан өтеді. Демек, ҚР аумағанды өзге ұлт өкілдері Заң аясында өз құқықтарын қамтамасыз етіп қана қоймай, сол Заңның жазылуына және бектіліп, тиісті дәрежеде жүзеге асуына да тікелей араласа алады деген сөз. Осы салада еңбек етіп жүрген елге танымал тұлғалардың бірі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұратов бірде былай деп мәлімдеген болатын.
– ҚХА (Қазақстан халқы Ассамблеясы) – бұл ұлттар арасындағы үйлесімділік пен тұтастықты сақтаудың тамаша институты. Біздің елдегі жетістікті көрген БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан «Қазақстан – түрлі ұлт өкілдерінің өзара татулығын нығайтуда әлемге үлгі бола алаты ел» деген болатын. Мұндай лебіз қазақстандықтарға зор мақтаныш сыйлаумен қатар, мол жауапкершілік артады. Бұл жерде басты рольге ие қазақ халқына шексіз алғыс айтуымыз керек. Тағдыр талайымен тарыдай шашырап, қайғы-қасіретке толы қуғын-сүргін жылдарында «бөтенсің демей», өзге ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, ағалық қамқорлық көрсеткен қазақ халқына қандай құрмет көрсетсек те лайықты. Осы кезге дейін ұлттарды ұйыстырып келген олар, болашақта да қауымдастықтардың басын қосатын негізгі күш бола алатындығына сенімдімін, – деген жылы лебізі әлі де елдің есінде.
Мұндай сөздер қайырымды істің қайтарымы болмаса да, көңілдерге жылу беретіні жасырын емес. Сондай-ақ, дархан көңіл кең пейілді қазақтың мәрттігі мен жомарттығын жүрекпен сезіне білетін жандардың бірі – Қазақстандағы кәрістер ассоциациясының президенті Григорий Кан: «Біздің аталарымыз бен әкелеріміз 1937 жылдың 9 қазанында жер аударылып (депортацияға ұшырап) бір топ кәрістермен бірге Бестөбе маңына әкелінген екен. Онда біздің сол кездегі әке, аталарымыз жерленген зираттар әлі де сақтаулы тұр. Бестөбе – жылдың 365 күні мен 24 сағатында өңмеңіңнен өтетін желі тоқтамайтын таңғажайып жер. Ал енді елестетіп көріңіздерші, 1937 жылдың қоңыр күзі мен қара суығын. Айнала аштық жайлаған азынаған желді дала. Осындай жағдайда біздің ата-әжелеріміз бен әке-аналарымыз қалай аман қалушы еді? Бақытымызға орай, ақ көңіл қазақ бауырларымыздың қол ұшын созуымен, біздің тұқымымыз құрымай, ұрпағымызды сақтап қалдық. Сол үшін де қазақ халқын, қазақ жерін қай кезде де құрмет тұтып, есімізге сақтаймыз», – деп ағынан жарылған болатын.
Міне, қиын-қыстау кезеңнің өзінде өзге ұлт өкілдерін қол ұшын созып, қатардан қалдырмаған қазақ елі бүгінде Тәуелсіз мемлекет ретінде, олардың материалдық құндылықтарын қамтамасыз ете отырып, адами құқықтарын да сақтап келеді. Президентіміздің өзі төрағалық етіп Ассамблея құрып, Заң шығару ісіне де біркісідей қатыстыруда. Өзге ұлт өкілдерінің тең құқылы демократиялы мемлекетте өздерін еркін сезініп, өсіп өркендеулеріне зор мүмкіндіктер жасалуда.

 



comments powered by HyperComments
Мәзiр

© 2011 «BNews.kz» Қазақстанның басты жаңалықтары
© 2010 Сайтты жасау мен техникалық қолдау - «Creatida» интернет-компаниясы
Яндекс.Метрика